«Qazaqstan» телеарнасына жаңа басшы тағайындалды
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Қазақстан» РТРК» АҚ ұжымына жаңа басшы Ләззат Танысбайды таныстырды.
17:15 08.04.2019
«Ләззат Мұратқызы белгілі журналист, телевизия саласының білікті маманы әрі табысты топ-менеджер екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Л. Танысбай қазіргі уақытқа дейін қолға алынған іргелі шараларды одан әрі жалғастырып, корпорацияны жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деп жазды Абаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Ләззат Мұратқызы Танысбай Алматы Халықаралық журналистика институтын тәмамдаған. Еңбек жолын 1993 жылы Қазақстан Республикалық Телерадиокорпорациясында редактор қызметінен бастады, одан кейін репортер және тележүргізуші қызметін атқарды. «Хабар» Агенттігінің іргетасы қаланған күннен бастап (1996 ж.- 2002 жылға дейін) жаңалықтар қызметінің редакторы – жүргізушісі, атқарушы продюсері болып еңбек етті.
2002 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Баспасөз қызметінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, Бас инспектор қызметтерін атқарды.
2005 жылдың қыркүйек айынан бастап 2008 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары болды.
2008 жылдың қазанынан бастап 2011 жылдың қарашасына дейін – «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Еліміздегі бірінші балалар арнасы balapantv - ның ашылуына атсалысқан.
2011 жылы ҚР Ақпарат және байланыс вице-министрі болып тағайындалды. 2012 жылдың ақпанында «Астана қ. теледидары» ЖШС-нің Бас директоры болып тағайындалды. 2018 жылдың 5 шілдесінен бастап «НҰР-Медиа» холдингін қатар басқарды.
Еске сала кетейік, бұған дейін төрағалық қызметті 2017 жылдан бері Ерлан Тынымбайұлы Қарин атқарып келген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!