Бағдәулет Құралбекұлы семсерлесуден әлемдік сында 8-ші орын алды
Польшаның Торунь қаласында өтіп жатқан семсерлесуден кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Бағдәулет Құралбекұлы алғашқы сегіздікке енді.
21:12 08.04.2019
Семсерлесуден жасөспірім ерлер арасындағы бәсекеде Бағдәулет болашақ әлем чемпионы, италиялық Рома Лоренцодан бір ұпай айырмашылығымен жеңілді. Есеп - 14:15. Алғашқы төрттікке ене алмаған қазақстандық спортшы жалпы есепте 8-ші орын иеленді. Әлем чемпионатында қылыштан бөлек, рапира мен семсерден бөлек жекелей және командалық сында жеңімпаздар анықталмақ. Жарыс 14 сәуірге дейін жалғасады.
«Әлем чемпионатының нәтижесін қанағаттанарлық деп бағалауға болады. Спортшы болған соң, жеңіске жетіп, жүлде тағынғың келеді. Үздік төрттіке еніп, әрі қарай медальға таласамын деген ынтам мықты еді. Бірақ италиялық Рома Лоренцодан бір ұпай айырмашылығымен ұтылып қалдым. Әрине, мені ұтқан соң, Лоренцоның чемпион болудан басқа амалы жоқ. Ендігі мақсатым – ересектер арасында ұлттық құрамаға қабылданып, ірі турнирлерде бақ сынау. Ал ең негізгі арманым – 2024 жылғы Олимпиада ойындары. Сол Олимпиадада чемпион атанбасамда, тұғырда тұрсам деген ниетім бар», - дейді Бақдәулет.
Дереккөз: olympic.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!