Президент сайлауы: Кандидаттарға қандай талап қойылады?
Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер кандидаттарға қойылатын талаптар бекітілді.
17:30 10.04.2019
Конституция мен «Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылатын талаптар:
Қазақстан тумасы, соңғы 15 жылда Қазақстан Республикасы аумағында тұруы, жоғары білімі бар болуы, 40 жасқа толған болуы, белсенді сайлау құқығы болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кем дегенде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс.
9 маусымда өтетін кезектен тыс Президентік сайлауға кандидаттарды тіркеу 11 мамыр күні сағат 18.00-де тоқтатылады. Үміткер ретінде тіркелу үшін ұсынылған тұлға 2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өзінің және жұбайының кірістері, мүлік туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын тапсыруы қажет.
Сонымен қатар өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны да өткізуі тиіс. Егер тапсырылған декларацияда қандай да бір жалған мәлімет табылса, Орталық сайлау комиссиясындағылар кандидатты тіркеу күшін жоя алады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы лауазымынан үміткерлерді қолдау сайлаушы санының кем дегенде 1 пайызының қолдары жиналғанда расталады. Президенттік сайлауға түсетін әрбір кандидат 2 млн 125 мың теңге жарна төлеуі тиіс. Сайлау жарнасы кандидатқа ол лауазымға тағайындалған жағдайда немесе жалпы сайлауда 5 пайыздан астам дауыс жинағанда қайтарылады.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған үндеуінде Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау 2019 жылдың 9 маусымында өтетінін мәлімдеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!