Білім министрі мұғалімдердің жалақысы қалай өсетінін айтты
Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын іске асыру жолында 1 маусымнан бастап мұғалімдердің жалақысы көтеріледі.
12:54 15.04.2019
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
"Әрине көбін қызықтыратын дүние - білім саласында қызмет ететін мамандардың жалақысын өсіру мәселесі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тариф коэффициентін бекітті. Осыған байланысты, бізде есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысын көбейтуге байланысты бөлінген қаржыны 75 пайызы білім саласының мамандарына беріледі. 1 маусымнан бастап, жалақы көтерілетін болады", - деді Күләш Ноғатайқызы.
Министрдің айтуынша, жалақыны көбейту үш саты арқылы бөлінеді екен.
"Бірінші кезекте еңбек өтілін енді ғана бастаған мамандар жас мұғалімдер, колледж мұғалімдері, психологтар, балабақшалардың жетекшілері, тәрбиешілері және көмекшілері қосымша білім беру жүйесінде істейтін педагогтардың жалақысы көбейеді. Екінші мәселе, қосымша персонал яғни бұлар кімдер: еден сыпырушылар, күзетшілер, от жағушылар, сантехник пен электриктердің жалақысы көбейеді. Үшінші басқарушы персоналға жатады. Бұлар мектеп директорлары, олардың орынбасарлары және балабақша басшылары", - деді министр.
Сонымен қатар, білім және ғылым министрі алдағы үш жылда 190 мектеп салынатынын мәлімдеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!