Тоқаев пен Мирзиёев бірлескен мәлімдеме жасады
2019 жылғы 14-15 сәуірде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға Мемлекеттік сапары өтті.
14:34 15.04.2019
Сапар нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуімен жылы және шын көңілмен құттықтап, Қазақстанның қазіргі заманғы дамуына және шет мемлекеттермен көпжақты байланыстарына лайықты үлес қосқан халықаралық ауқымдағы саясаткер және мемлекеттік қайраткер ретіндегі мол тәжірибесін атап өтті.
Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың екі ел арасындағы бауырластық байланыстар мен стратегиялық серіктестікті, оның ішінде Орталық Азиядағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастықты дамытуға қосқан көрнекті рөлін айрықша атап көрсетті.
Осы тұрғыда, Президент Қ.Тоқаев Президент Ш.Мирзиёевті Қазақстан-Өзбекстан қатынастары мен өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге және нығайтуға бағытталған Қазақстанның қазіргі сыртқы саяси бағытының сақталатынына сендірді.
Келіссөздер барысында президенттер дәстүрлі достық, өзара сыйластық, сенім мен ашық рухта екі жақты қатынастардың негізгі мәселелерін, өзара мүдделілік танытылған өзекті өңірлік және халықаралық проблемаларды талқылап, екі ел арасындағы кеңформатты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен кеңейтудің перспективаларын қарастырды.
Мемлекет басшылары терең тарихи және рухани байланыстарға, тату көршілік пен өзара қолдауға негізделген Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы жақын әрі мығым достық қатынастардың өспелі сипатын ризашылықпен атап өтіп, екіжақты қатынастарды жаңа сапалық деңгейге көтеру екі бауырлас елдің мүдделеріне жауап беретініне сенім білдірді.
Президенттер, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы шарт пен 2013 жылғы 14 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартта бекітілген принциптер мен міндеттемелерге бұлжымас беріктігін растай отырып, төмендегілер туралы мәлімдейді:
Қазақстан Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастықтың стратегиясын жүйелі орындау екі елдің стратегиялық мүдделерінің бірлігіне негізделген, экономика саласындағы өзара тиімді және жемісті ықпалдастықты ұлғайтуға қызмет етеді.
Екіжақты сауданың оң қарқынын ризашылықпен атап өте отырып, мемлекет басшылары екіжақты сауда көлемін 2020 жылдың соңына 5 млрд.долларға дейін өсіруді, оның құрылымын әртатаптандыруды, сондай-ақ өңіраралық ықпалдастықты қоса алғанда, экономикалық кооперация мен инвестициялық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді жаңа нысандарын дамытуды қамтамасыз етуге өз ұмтылыстары бойынша ортақ пікірде.
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы 2018 жылғы 16 қарашада Шымкент қаласында өткен алғашқы Өңіраралық ынтымақтастық форумының және 2019 жылғы 15 наурызда Ташкент қаласында өткен Орталық Азия елдерінің бірінші өңірлік экономикалық форумының қорытындыларын оң бағалады.
Мұндай форматтар екіжақты және өңірлік деңгейлерде өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты нығайту мен ұлғайтуға, сауда, инвестициялар, логистика салаларындағы жаңа перспективті жобаларды іске асыруға, интеграцияланған өнеркәсіптік технопарктер, ғылыми-инновациялық кластерлер мен еркін экономикалық аймақтарды құруға септігін тигізеді.
Президенттер екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның қызметін жандандыру мен жетілдірудің, сондай-ақ екі елдің Үкімет басшыларын тең төрағалар етіп тағайындау жолымен оның статусын көтерудің маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшылары халықаралық саясаттың өзара мүдделі, маңызды мәселелері бойынша тараптар ұстанымдарының ұқсастығын растады және Орталық Азияның гүлденуі мен халықтарының игілігі үшін тұрақтылық пен қауіпсіздік атмосферасын нығайтуға қолғабыс етуге екі жақтың да ұмтылысын атап көрсетті. Тараптар ШЫҰ, ТМД, АӨСШК мен басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!