Ақтөбеде мектеп ұстазы оқушысына қол жұмсады деп айыпталды
Ақтөбедегі №45 орта мектеп мұғалімі Арайлым Елдесоваға қатысты тергеу басталды.
13:39 17.04.2019
Оқушы бас-ми жарақатымен ауруханада ем қабылдап жатыр. Ақтөбе полициясы мұғалімді тергеуге алды. Істің мән-жайы әлі белгісіз.
«10-сәуірде Ақтөбе қаласы Алматы ауданының №4 полиция бөліміне бастауыш сынып мұғалімінің 1сынып оқушысына дене жарақатын келтіргені туралы ата-анасының шағымы түсті. Ақтөбе медицина орталығының балалар стационарында кәмелетке толмаған балаға «жабық бас-ми жарақаты, бас миының шайқалуы» диагнозы қойылған. Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-тармағы, яғни, «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша соталды тергеу-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Оқушы ем қабылдап жатыр, ал мұғалімді жұмыс тобы бақылауға алды.
«11 сәуір күні 1 сынып оқушысының әжесі немересін ұстазы 1 сағат 45 минут ұрды деп арыз түсірді. Арыздан соң мектеп ішінде жұмыс тобы құрылып, тексеру жүрді. Сынып жетекшісі Арайлым Елдесованың түсініктемесі алынды. Ол оқушыға қол көтермегенін айтты. 11-16 сәуір аралығында ата-аналар балаларының сабағына қатысты. Полиция да балалар мен ата-аналарды қатар отырғызып, түсініктеме алды», - деді мектеп директоры Алмагүл Ешмағамбетова.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!