Түнде ішімдік сатқан кәсіпкерге 100 мың теңге айыппұл салынды
«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің учаскелік полиция инспекторы әкімшілік аумақты тексеру барысында түнгі уақытта этил спиртінің көлемдік үлесі 30%-дан асатын алкоголь өнімін сату фактісін анықтады, деп хабарлады Елорда Инфо.
14:57 18.04.2019
«Алкоголь өнімдерін жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзып, этил спиртінің көлемді үлесі 30%-дан асатын сағат 21.00-ден келесі күнгі сағат 12,00-ге дейін бөлшек сауда арқылы өткiзгені үшін 1985 жылы туған «А» есімді дүкен иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігіне сәйкес «Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу» туралы әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген Жергілікті полиция қызметі басқармасының хабарламасында.
Нұр-Сұлтан қаласы Мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен «А» есімді азаматша 40 АЕК көлеміндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен ҚР ӘҚБтК 200-бабы «Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу» бойынша 70-ке жуық құқықбұзушы жауапкершілікке тартылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!