Сайлау-2019: Сәдібек Түгел мемлекеттік тіл сынағын тапсырды
Лингвистикалық комиссия мүшесі Ғарифолла Есімнің айтуынша, үміткер тапсырмаларды берілген уақытта орындады және қосымша уақытты қажет еткен жоқ.
16:00 24.04.2019
ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия мүшесі «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан үміткердің емтихан нәтижесін жариялады.
«Емтихан талабына сәйкес, үміткер бірінші кезеңде шығарма жазуы тиіс. Сәдібек Түгел «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы: тарихы және бүгіні» тақырыбын таңдап алды және мемлекеттік тілді еркін меңгергенін көрсетті. Әрине, кейбір емле қателері туралы ескертпелеріміз бар, бірақ ол мемлекеттік тілді меңгеруге бөгет емес», - деді Ғарифолла Есім Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.
Екінші кезеңде үміткер лингвистикалық комиссия алдында 3 беттік мәтінді оқуы керек.
«Екінші кезеңде үміткер билет арқылы Әбіш Кекілбайдың «Дала балладасын» таңдап алды. Бұл жерде де Сәдібек Түгел өзінің оқу мәдениетін көрсете алды. Үшінші кезеңде - сөз сөйлеу үшін үміткерге «Бабалар сөзі - даналық көзі» деген тақырып түсті. Бұл кезеңде кандидат қазақша еркін ойлап, еркін сөйлеп, пікір айта алатынын толық дәлелдеді. Жалпы үш кезең бойынша комиссия ұжымы «Сәдібек Түгел мемлекеттік тілді еркін меңгерген» деген шешімге келді», - деді комиссия мүшесі.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!