Ержан Максим өнер көрсеткен «Голос. Дети» шоуына қатысты дау туындады
Ресейлік танымал жүргізуші Максим Галкин "Голос. Дети" байқауының шынайы жеңімпазы деп Ержан Максимді атады.
22:36 27.04.2019
Ресейдің бірінші арнасы әнші Алсу мен банкир Ян Абрамовтың он жасар қызы Микелла Абрамова жеңімпаз деп танылған финалдағы дауыс беру қорытындысына байланысты тексеру жүргізбекші. Бағдарлама нәтижесі 26 сәуірде жарияланған. Бірінші орын иеленген Микелла Абрамова халықтың 56,5% дауысын жинаса, отандасымыз Ержан Максим 27,9% дауыспен екінші орынға табан тіреді.
«Біз кеше отбасымызбен Ержан Максимге дауыс бердік. Жалпы, финалға қатысушылардың деңгейі жоғары болды. Ержаннан басқа Нино Чеснер, Анастасия Сисаури, Валерий Кузаков, Миша Григорян тамаша орындады. Микелла Абрамова да жақсы, бірақ финалға қатысушылардың бәрінен артта қалды. Абрамованың атақты ата-анасы мен олардың жұлдызды достары бәрін жасады. Басқа әншілердің ата-аналарында ондай мүмкіндік жоқ. Менің ойымша, жеңімпаз жалғыз, ол - Ержан Максим», - деді М.Галкин.
Танымал ресейлік тележүргізуші Максим Галкин Instagram парақшасында видео жариялап, өз отбасының пікіріне сай "Голос. Дети" байқауының жеңімпазын атады.
«Ержан Максим – жеңімпаз!», - деп жазды ол видеоның астына.
Шоу аяқталған соң Ержанның тәлімгері, ресейлік әнші Валерий Меладзе дауыс беру нәтижесінің қайта қаралуын талап етті.
«Голос" бағдарламасы бітті, бірақ көңілімізде кірбің қалды. Нәтижені қайта қарау дұрыс емес, дегенмен Бірінші арна мұны жасайды деп ойлаймын. Дауыс беру нәтижесі қайта қаралған соң, күмәніміз сейіледі», - деді Валерий Меладзе видео үндеуінде.
Сондай-ақ, 12 жасар «Голос. Дети» шоуының қатысушысы Максим Ержан маусымның 7-інде Мәскеуде өтетін «Муз-ТВ» телеарнасының жүлдесіне ән салуға шақырылды. Осылайша, марапаттың басшысы Арман Давлетяров қазақстандық жас отандасына қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!