Азия чемпионатында Грек-рим күресінен 7 медаль жеңіп алдық
Қытайдың Сиянь қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты мәреге жетті.
09:51 29.04.2019
Біріншілікті грек-рим күресі шеберлері тәмамдады. Ұлттық олимпиада комитетінен түскен мәліметке қарағанда, Мейіржан Шермаханбет 67 кг салмақта финалға дейін еркін жетті. Тек соңғы бәсекеде ғана екі мәрте әлем чемпионы, корей балуаны Рю Хан Суға 1:5 есебімен есе жіберді.
72 кг салмақта қола жүлде үшін күрескен Демеу Жадыраев өзбекстандық Арам Варданянды ұтты. Сондай-ақ 82 кг салмақта Мақсат Ережепов тағы бір өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовты тізе бүктірді.
Ал 97 кг салмақта қола жүлде үшін кілемге шыққан Әлімхан Сыздықов ирандық Махди Аббас Алиярифейзабадидан жеңіліп, медальсыз қалды. Осылайша жарыстың соңғы күні Нұрым Дүйсенов бастаған мамандар баптап апарған грек-рим күресі шеберлері 1 күміс, 2 қола жүлдені жеңіп алды. Кешегіні қосқанда, қола медаль саны алтауға жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатнында төрт бірдей қазақ балуанының қола медаль жеңіп алғанын, бүгін Мейіржан Шермаханбеттің финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Одан бұрын еркін күрес шеберлері сәтті күресіп, қос бірдей алтын медалға ие болды. Енді балуандарымыз Нұр-Сұлтан қаласында қыркүйек айында өтетін әлем чемпионатына дайындалатын болады.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!