Мұғалім үй жұмысын орындамаған оқушыны ұрған
6 мамырда желіге тараған видеода мұғалімнің оқушыларды тақтаға шығарып, шапалақпен ұрғаны, құлақтары мен шаштарынан тартқаны бейнеленген.
18:21 08.05.2019
Бұл оқиға 30 сәуірде Өзбекстанның Жизақ қаласындағы №16 орта мектепте болған. Үш минуттық видео физика сабағында түсірілген. Жазаланған оқушылардың бірінің анасының айтуынша, ұстаз оқушыларды үй жұмысын орындамағаны үшін ұрған.
"Ол менің баламды ұрған. Бұған дейін де ұрған. Бір күні менің балам үйге денесі көгеріп келді. Директор бұны жоққа шығарып келді. Енді ғана видеосы шығып отыр", - деді оқушының анасы.
Мектеп директоры Сожида Жураева журналистерге бұл оқиға туралы естімегенін, тексеруден соң мәлімет бере алатынын айтты. "Мұғалімдер оқушыларға қол көтерсе, оны мен бірден жұмыстан шығарам. Бірақ біздің мектепте мұғалімдер балаларды ұрмайды. Біз оқушылардан сұрадық, олар мұғалімдер саусағын да тигізбейді деп отыр".
Жизақ облыстық халық білімі басқармасының өкілі болған оқиғаға байланысты тексеру жүргізетінін мәлімдеді. Видеодағы мұғаліммен сөйлесу мүмкін болмай отыр.
Дереккөз: centralasian.org
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!