Қазақстан полициясы күшейтілген режимге көшеді
Сайлауға байланысты 7-12 маусым аралығында барлық полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді.
12:52 04.06.2019
Сайлау күні қарсаңында Қазақстанның барлық аумағында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.
"Нұр-Сұлтанда ғана емес, бүкіл ел бойынша қауіпсіздік шарасы ретінде 6 маусымға дейін "Құқықтық тәртіп" операциясы жүргізіледі. 7-12 маусым аралығында бүкіл полиция күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеді, өйткені елде сайлау өтеді", - деді ол.
Министр бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздік үшін қабылданғанын жеткізді.
"Бұл біреуден қорғану үшін емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет. 8-і тыныштық күні, үгіт-насихат жұмыстарына тыйым салынады, 9-ы сайлау, барлық жерлерде полиция патрульдері жұмыс істейді", - деп атап өтті Тұрғымбаев.
Тұрғымбаевтың айтуынша, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 21 мың полицей жұмылдырылмақ. Кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Сайлау учаскелерінде дауыс беру таңғы сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!