Нұрлан Ноғаев Атыраудағы көтеріліс жайлы пікірін айтты
Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев "Теңіз" вахталық қалашығына барып, ТШО басшылығымен жиналыс өткізді.
17:01 30.06.2019
Теңіз кен орнындағы төбелестен кейін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев елді мекенге барды. Өңір басшысы ірі мұнай компаниясының басшылығы және жұмысшыларымен кездесу өткізді.
"Бұл мәселе еңбек жағдайларының әр түрлі болуынан туындап отыр, ТШО мен мердігер мекемелердің басшылықтары мәселені жүйелі түрде шешулері керек. Біз өз тарапымыздан барлық қолдауды көрсетеміз. Инвесторлар түсінулері тиіс- біздің еліміздің аумағында жұмыс істей отырып, заңнаманы және ешкімнің ар-намысына тимейтін, моральдық-этикалық нормаларды сақтаулары қажет. Жақын арада жобаның барлық қатысушыларымен кездесу өткіземіз, барлық компаниялардың бірінші басшылары шақырылады, осы мәселені шешеміз. Бастысы, еңбек жағдайлары бәріне бірдей болуы керек", - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
"Теңізшевройлдың" бас директоры Имер Боннер жағдайды реттеу үшін компания барын салатынын айтты.
"Біз CСЕР компаниясы және өзге мердігер ұйымдармен тиісті жұмыс жүргізетін боламыз", - деді Имер Боннер.
Жиыннан соң облыс әкімі Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) компаниясының жұмысшыларымен кездесті. Компания қызметкерлері облыс әкімі мен ТШО басшылығынан жобаның жұмысын тоқтатпауды сұрады.
"Біз облыс әкімінің бірінші орынбасары бастаған ведомствоаралық комиссия құрдық. Ол тең еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселесімен айналысады. Сіздер комиссияның құрамына өз өкілдеріңізді қоссаңыздар болады. Менің әріптестерім нөмірлерін қалдырады. Жағдайды жақсарту бойынша өз ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Сіздердің жұмыс кестелеріңізде ешқандай өзгеріс болмайды, жұмыс қалыпты режимде жалғаса береді», - деді Нұрлан Ноғаев.
Еске салсақ, Атырауда мұнайшылар шеруге шығып, бірнеше жұмысшы жарақат алды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!