Таразда перзентханадан сәбиді ұрлап кеткен
Полиция қызметкерлері екі сағат ішінде ауыр қылмысты ашты.
10:55 11.07.2019
Бұл туралы Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 8 шілде күні Тараз полиция басқармасының Жедел басқару орталығына жас келіншек хабарласып, перинаталды орталықтан баласын ұрлап кеткенін хабарлаған.
Нәрестені іздеу операциясын Тараз Полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ардақ Мадимаров басқарған. Құқық қорғаушылар бейнебақылау камераларындағы жазбаны тексеріп, нәрестені ұрлаған әйелдің перзентханадан шыққаннан кейін қайда кеткенін анықтапты. Анықталған бағыт бойынша қонақ үйлердің біріне жетіп, номерлердің бірінен сәбиді тапқан. Ауыр қылмыс екі сағат ішінде ашылып, бала анасына берілді.
«Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Қаракемер ауылының 22 жасар тұрғыны нәрестені ұрлады деген күдікпен ұсталды. ҚР ҚК-нің 135-бабы 2- бөлігі 1-тармағы (Кәмелетке толмағандарды, адамдар тобын сату, алдын ала сөз байласу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бап санкциясы мүлкін тәркілеумен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. Қазіргі таңда күдіктінің емізулі баласы бар екенін ескере отырып, бұлтартпау шарасы қарастырылуда», - деп атап өтті полицияда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!