Тоқаев Құрбан айт қарсаңында түрмедегілерге рақымшылық жасады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесі қарсаңында сотталған Ярослав Голышкин және Ерлан Балтабайға рақымшылық жасады.
15:18 10.08.2019
Журналист пен қоғам қайраткері өкінетінін айтып, мемлекет басшысына жүгінген болатын. Бұл туралы Денис Кривошеев желідегі парақшасында жазды. Ярослав Голышкин ірі көлемде ақша бопсалауға араласты деген айыппен 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өзінің кінәсін толықтай мойындап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан рақымшылық беруді сұрады.
7 жылға сотталған Ерлан Балтабай да өз кінәсін толықтай мойындап, материалдық шығынды түгелдей өтейтінін айтты.
«Құрметті, Президент! Қасиетті Құрбан айт – өзіндік орны бар мемлекеттік үш мерекенің бірі. Өз кінәсін шын мойындап, өкініш білдіргендерді босату дәстүрге айналсын! Кез келген жазаның түбі – өз әрекетіне өкіну! Сізге рахмет және мерекеңізбен», – деп жазды Денис Кривошеев өзінің желідегі парақшасында.
Ярослав Голышкин павлодарлық «Версия» газетінің редакторы. Ол ҚР ҚК 194 және 132-баптары бойынша айыпталды, деп жазады stan.kz. 2015 жылдың 30 қазанында сот журналисті 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркіледі.
Ерлан Балтабай – Шымкент қаласының «Достойный труд» қозғалысының лидері. Оған қатысты қылмыстық іс 2018 жылдың қыркүйек айында 189-бап бойынша қозғалды. Өзіне тиесілі емес 10 млн 800 мың теңгені жымқырды деген айып тағылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!