Әйел егіз баласының екіншісін біріншісінен кейін екі ай өткенде босанды
Дәрігерлер мұндай жағдай Қазақстанда алғаш рет тіркеліп отыр дейді.
17:49 16.08.2019
Орал қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта ерекше жағдай болды. Анатомиялық ерекшелігі бар әйел алдымен бір баланы, ал екі айдан кейін екіншісін дүниеге әкелді. Лилия Коновалова бірінші баланы мамыр айында туды.
Шала туған қыздың салмағы 850 грамм болған. Оны бірден жансақтау бөліміне жатқызды. Дәрігерлер сәбидің денсаулығын үнемі бақылап отырды. Арнайы оңалту шаралары ұйымдастырылған.
"Ал 9 тамызда кесар тілігін жасау арқылы қыздың інісі дүниеге келді. Оның салмағы – 2 900 грамм. Қазіргі кезде анасы екі баласымен перзентханадан шығуға дайындалып жатыр", - дейді бас неонатолог Нұргүл Жүнісова.
Егіздердің анасы шаршаңқы көрінсе де, бақытты екенін жасырмады, деп жазады uralskweek.kz. Оның айтуынша, енді үйдегі үлкен қыздың екі бауыры болады.
"Менің тағы бір 7 жасар қызым бар. Екінші қыздың атын Лея деп қоямыз. Ал ұлымыз – Максим. Мен анатомиялық ерекшелігім туралы білгенмін, бірақ оған ешқашан мән бермеппін", - деді Лилия Коновалова журналистерге берген сұхбатында.
Басылымның хабарлауынша, соңғы 60 жылдың ішінде әлем бойынша мұндай жағдайлардың саны 70-тен асты, ал Қазақстанда алғаш рет болып отыр. Перзентхана дәрігерлері келіншектін анатомиялық ерекшелігі жайында білгенін айтады. Сондықтан екінші балаға толғақтың қашан келетінін күтті.
"Біз келіншектің анатомиялық ерекшелігі туралы бірден білдік. Сол себепті екінші баланы да осы жерде босандырып алуға шешім қабылдаған болатынбыз. Білуімше, бұл - алғашқы оқиға. Мен Алматыдағы әріптестерімнен кеңес алдым, бұл елімізде тіркелген алғашқы жағдай сияқты", - деді перзентхана директорының орынбасары Есет Ералин.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!