Шымкентте саяхатшыны ұрып, тонап кетті
Шымкентте белгісіз біреулер шетелдік саяхатшыны соққыға жығып, тонап кетті.
17:23 22.08.2019
Украиндық велосаяхатшы Владимир Галигузов Азия елдерін велосипедпен аралап жүрген. Бұған дейін 4 мың шақырым жол жүріп, Қырым, Ресей, Өзбекстан жерін басып өткен саяхатшыға өткен түні шатырда жатқан жерінде белгісіз үш адам шабуыл жасаған. Владимирды ұрып-соғып, қымбат бағалы заттары мен ірі көлемдегі ақша салынған сөмкесін алып кеткен.
Владимир Галигузов, велосаяхатшы:
«Өзім жалпы,саяхаттағанды жақсы көретін белсенді адаммын. Шынымды айтсам, мұндай жағдай алғаш рет орын алып отыр. Мен тайгада болдым, су астында үңгірде де болдым, ешқандай жерде мұндай бұзықтарға тап болмап едім. Туған жеріме келіп, таяқ жеп қалдым».
Қылмыс салдарынан велотуристің қабырғалары сынып, басқа да дене жарақатын алған. Жаһанның жартысын жорта өткен жиһанкез туған жеріне келгенде саяхатын осылайша тоқтатуға мәжбүр болды. Айта кетейік,Украина азаматы Владимир Галигузов Шымкентте туған. Кіндік тамған жеріне келмегеніне жарты ғасырға жуықтаған екен. Туған жерімді сағынып келгенде, «таяқ жеймін деп кім ойлаған» дейді саяхатшының өзі.
Алайда, ол Шымкентті тастап кетуге асығатын емес. Емделіп болған соң, жергілікті мұрағаттан туыстары жайлы ақпарат іздемек. Қазір осы оқиға бойынша Шымкент қаласы бойынша ІІД қылмыстық іс қозғалды.
Дереккөз: otyrar.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!