Әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз қаза тапты
Тәжікстан қорғаныс министрлігі құрамындағы әскери бөлімшеде борышын өтеп жүрген 21 жастағы сарбаз оққа ұшып қаза тапқан.
10:08 23.08.2019
Оның үйіне қайтуына небәрі қырық күн қалған. Хадятулло Тагоевтың денесі 21 тамызда туыстарына берілген. Ол 2017 жылдың күзінде Ресейден жұмыс істеп жүрген жерінен келіп, армияға өз еркімен кеткен еді дейді туыстары.
Сарбаздың өлімінің себебі әлі анықталмаған. Бірақ оның сүйегін алып келген әскери қызметкерлер марқұмның өзіне қол жұмсағанын айтқан. Бірақ оның туыстары бұл болжамға сенбейді. Марқұмның әкесі Алиджон Тагоев елдің әскери прокуратурасына арызданып, ұлының өлімін жіті тергеуге алуын сұрайтынын айтады.
"Сүйекті алып келген полковник Хадятулло маңдайы тұсына өзі оқ атты деді. Бірақ ол аты-жөнін айтудан бас тартты. Ал екі сарбаз ешнәрсе көрмегенін жеткізді. Бірақ күзетте тұрғанда, қолында Калашников автоматы болғанын айтты", - дейді марқұмның әкесі.
Тәжікстан қорғаныс министрлігі әзірге бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермеді. Тәжікстандағы азаптауға қарсы коалицияның мәліметінше, 2014-2016 жылдары әскери бөлімшелерде 59 сарбаз аяусыз соққыға жығылса, 11 сарбаз қаза тапқан.
Айта кетейік, 20 тамызда Түркіменстанның Балканабад шаһарындағы әскери бөлімшеде қызметін өтеп жатқан Овезали Экаев есімді 18 жастағы жауынгер қаза болған болатын.
Дереккөз: centralasian.org
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!