Көкшетаулық қыз таныспақ болған жігіттерге пышақ сұғып алған
Көкшетаудың 21 жастағы тұрғынымен танысуға әрекеттенген екі жігіт пышақ жарақатымен ауруханаға түсті.
10:23 04.09.2019
Полиция мәліметінше, 31 тамызда түнгі сағат 1:35-те Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекшілік бөліміне жергілікті ауруханаға сол қолының білегі тілінген 30 жастағы ер адамның жеткізілгені туралы қоңырау түскен. Дәл осы түні сағат 2:30-да осыған ұқсас тағы бір қоңырау түседі. Бұл жолы жергілікті облыстық ауруханаға ішінен пышақ жарақатын алған 26 жастағы жігіт жеткізіліпті.
«Анықталғандай, сол күні кешке зардап шегушілер әртүрлі уақытта және әртүрлі ойын-сауық орындарында жүрген. Ер адамдардың айтуынша, олар белгісіз бір қызбен таныспақ болып, пышақталған. Зардап шегушілер қызбен әңгімелеспек болған кезде оның тарапынан дөрекілікке тап болған. Бір сәтте араларында кикілжің туып, 21 жастағы қыз қалтасынан пышақ алып шыққан», - деді ведомствода.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК 293-бабы 1-тармағына (Бұзақылық) сәйкес сотқа дейінгі өндіріс қозғалды.
«Жедел-іздестіру шаралары кезінде полицейлер күдіктінің кім екенін анықтаған. Жарты сағаттан кейін 21 жастағы жергілікті тұрғын істеген ісін мойындап, жауап берді. Күдікті зардап шеккен азаматтардың таныспақ болып, мазасын алғанын айтты. Ол ойын-сауық орындарында жалғыз жүретіндіктен өзімен бірге пышақ алып жүретін болған. Жігіттерді пышақтаған соң суық қаруын лақтырып жіберген», - деп атап өтті ведомстводағылар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!