Қарағанды облысында ер адам 5 жыл құлдықта болған
Қарағанды облысында полицейлер ер адамды заңсыз ұстаған деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
18:35 04.09.2019
Аталған іс полиция департаменті мен ішкі істер министрлігінің бақылауына алынған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, құлдықта болған ер адам 2012 жылы әйелімен ұрысып қалғаннан кейін үйінен кетіп қалыпты.
Артынша ол ішімдікке әуестеніп, байланысқа шықпаған. Сол кезде Қарағанды қаласының Майқұдық ауданындағы көшеде күнелткен ер адам Тілеген есімді азаматпен танысып, ол қыстауда жұмыс істеуді ұсыныпты.
Туыстары ер адамды содан бері іздестіріп, таба алмаған. 2019 жылдың 27 тамызында оларға WhatsApp арқылы туысының Жаңаарқа ауданындағы шаруа қожалығында жұмыс істеп жүргені туралы хабарлама келген. Мұны білген ағасы полицияға жүгініп, 3 қыркүйекте аталған мекенжайға аттанады.
«Жаңаарқа аудандық полиция бөлімшесінің кезекшілік бөліміне 34 жастағы ер адамнан хабарлама түсті. Ол Жаңаарқа ауданындағы қыстаулардың бірінде 51 жастағы ер адамды 2015 жылдың тамызынан бері заңсыз ұстап отырғанын айтты. Өз кезегінде аталған қыстаудың иесі 2017 жылы мамыр айының басында 51 жастағы ер адамның тамақ сұрап келіп, артынша жұмыс істеуге қалғанын түсіндірді. Әңгіме барысында соңғысы есін жоғалтқанын айтты. Ер адамның сөзінше, ол жұмыс істеуге өз еркімен келген. Алайда артынша жібермей, қыстауда ұстады деп отыр», - дейді полициядағылар.
Оқиғаға қатысты ҚР ҚК 126-бабы 1-тармағына (Заңсыз бас бостандығынан айыру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!