Талма ауруы ұстаған жігітті кездейсоқ өткен дәрігер құтқарды
Алматыдағы дәріханалардың бірінде жас жігттің қояншық талмасы ұстап, ауырып қалған.
13:02 30.09.2019
Осы кезде сол жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан дәрігер оған көмекке келді. 14 жылдық тәжірибесі бар педиатр дәрігері Айгүл Әсен оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оқиға 28 қыркүйекте Фестивальная көшесінде орын алған. Дәріхана маңынан өтіп бара жатқан дәрігер адамдардың айқайлап жатқанын байқапты.
«Бір қыздың телефонмен сөйлесіп, айқайлап тұрғанын көріп, ол полиция шақырып жатыр немесе біреумен ұрысып тұр деп ойладым. Жақын барғанымда, оның өліп бара жатқан адамға көмек керек екенін айтақынын түсіндім. Дәріханада екі құрылысшы мен фармацевт жас жігіттің жанында тұрды. Бәрінің есі шығып кеткен. Бүкіл жер қан болды», - дейді Айгүл Әсен.
Анықталғандай, жас жігіт дәрі алуға келгенде, кенеттен қояншық талмасы ұстап қалыпты. Есінен танған жігіт құлаған кезде еденге басын соғып алған.
«Дәріханада жатқан жігітті құтқару үшін, аузын қасықпен ашуға тырысты. Алайда бұлай жасауға болмайды. Себебі бір жерін зақымдап алу мүмкін. Сонымен қатар мұндай жағдайда жақты ашу мүмкін емес. Қояншық талмасы ұстағанда жасалуы тиіс әрекетті жасадым: жігітті бір қырынан жатқызып, басының астына рюкзакты қойдым. Ол жедел жәрдем жеткенше есін жиды. Мұнан кейін талмасы ұстаған жоқ», - дейді педиатр дәрігер.
Дәрігердің сөзінше, жедел жәрдем оқиғадан 5-7 минут өткеннен кейін жылдам жеткен. Айгүл өз кезегінде жігітке ауруханада қаралуға кеңес беріпті. Айгүл Әсен мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын айтады. Бұған дейін көшеде жедел медициналық көмек көрсетіп көрмедім, дейді ол.
Дереккөз: Stan.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!