Дәрігерлер тірі туған сәбиді тоңазытқышта сақтап өлтірген
Дәрігерлер тірі нәрестені тоңазытқыш камерасында қалдырып кеткен.
20:31 04.10.2019
Өйткені құжатта сәбидің өлі туғаны жазылған. Атырау облыстық перинаталдық орталығының жетекшісі нәрестенің өліміне кінәлі деген күдікке ілінді. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдола хабарлады.
Ведомство жетекшісінің айтуынша, нәресте тірі болған. Алайда дәрігерлердің салғырттығынан құжатта өлі деп жазылған. Сондықтан дәрігерлер оның тірі екенін біле тұра, тоңазытқыш камерасында қалдырып кеткен.
"Сәбидің тірі екенін білсе де, дәрігерлер құжатты бүлдіргісі келмеген. Өйткені базаға енгізілген мәліметті дұрыстау мүмкіндігі қарастырылмаған", - деді Қабдола.
Бұл жағдай Атырау облыстық перинаталдық орталығының жетекшісіне қатысты басқа істі тексеру кезінде анықталған. Бұған дейін медициналық мекеменің басшысы жемқорлыққа байланысты ұсталғаны хабарланған болатын. Бастапқыда іс қылмыстық кодекстің 317-бабына сәйкес қозғалды. Бұдан кейін 99-бапқа ("Қасақана адам өлтіру") өзгертілді. Кінәсі дәлелденсе, орталық жетекшісі 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!