Тоқаев екі заңға қол қойды
Президент қол қойған соң Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өту тәртібі мен ядролық саладағы ғылыми әріптестік жөніндегі келісімді ратификациялау аяқталды.
12:41 11.10.2019
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі заңға қол қойды. Олардың бірі – "2006 жылдың 3 қазандағы Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы Қазақстан - Ресей шекара маңындағы аумақ тұрғындарының шекараны кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң.
Енді Қазақстан-Ресей шекара маңында орналасқан қалалар мен ауылдардың тұрғындары мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде бұрынғыдай тіркеу кітабын емес, мекенжай анықтамасын көрсетеді. Қазақстанның ішкі заңнамасында азаматтарды тіркеу кітабының күшін жоюына және мекенжай анықтамасын енгізуіне орай, аталған келісімге тиісті өзгерістер енгізілген болатын.
Президент қол қойған келесі құжат - Қазақстан үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев құжатты парламентте таныстырған болатын. Келісімнің арқасында қазақстандық ғалымдардың біліктілігін артады деп күтіліп отыр. Жергілікті ғалымдар еуропалық ұйыммен әріптестік орнатқан әлемнің 500 университетінде білімін шыңдауға мүмкіндік алады. Келісімде әріптестіктің тек әскери емес мақсатта жүзеге асатыны көрсетілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!