Арыс маңында жарылыс болып, әскери қызметші көз жұмды
Әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор Ақышев ауыр жарақат алып, көз жұмды.
20:26 11.10.2019
Трагедияның себебі мен салдары анықталуда. Арыс маңындағы полигон аумағында оқ-дәрілердің жиналған бөлшектерін жою жұмыстары кезінде әскери қызметкер көз жұмды.
"11 қазанда арнайы жабдықталған полигон аумағында (Арыс қаласынан 60 шақырым жерде) оқ-дәрілердің жиналған фрагменттерін жою бойынша жоспарлы жұмыс барысында оқ-дәрілердің фрагменті уақытынан бұрын детонация болды. Салдарынан топ жетекшісі, әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор А.С.Ақышев ауыр жарақат алып, көз жұмды", - деп хабарлады қорғаныс министрлігі.
Оқиға болған жерден алынған ақпаратқа сәйкес, жұмыстар қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізілді. Трагедияның нақты себебі мен салдары анықталуда. Тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Ведомство бұл жағдай полигонға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарына қауіп төндірмейтінін түсіндірді, өңірде үздіксіз бақылау жүргізіліп жатыр. Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады және оларға барлық қажетті көмек көрсететін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!