Қазақстанда жүргізуші куәлігін алатындар үшін жаңа талап енгізіледі
Бұдан былай көлік жүргізу куәлігін алу үшін алғашқы медициналық көмек курсынан өтіп, сертификат алуы қажет болады.
18:46 17.10.2019
Жүргізуші куәлігін алатын қазақстандықтар алғашқы медициналық көмек көрсету курсынан өтуге міндеттеледі. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды жүргізуші куәлігін алған кезде, алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруді міндеттеуді көздеп отыр. Бұл жаңашылдық "Халық денсаулығы" туралы кодекстің жаңа редакциясында жазылған.
"Көлік жүргізу куәлігін алу үшін алғашқы медициналық көмек курсынан өтіп, сертификат алуы қажет. Жүргізуші куәлігі тек содан кейін беріледі. Себебі, статистикаға көз жүгіртсек, жол апаты болған кезде, азаматтарымыздың 60 процентке жуығы алғашқы медициналық көмекке мұқтаж болады. Алайда, өкінішке қарай, қазір зардап шеккендерге жәрдем бере алатындар 3-5 проценттен аспайды", - деп түсіндірді Біртанов мәжілісте заң жобасын таныстырғаннан кейін.
Айтуынша, стандартты курстар барлық өңірде жедел жәрдем стансалары, санитарлық авиация орталықтары және медициналық оқу орындары базасында ұйымдастырылған. Яғни, медициналық көмек дағдыларын меңгеріп, сертификат алуға болады. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, Қазақстанда жол апатынан зардап шеккендердің 84,5%-і ауруханаға жетпей көз жұмады екен. Ал ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш шамамен 50%-ті құрайды.
Дереккөз: sputniknews.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!