Оралда ер адам оқушыны ұрлап кетпек болды
Оралда мектеп оқушысын ұрлап кетпек болған ер адам қылмысы жүзеге аспай қалған соң ізін суытты.
10:45 18.10.2019
Қаладағы №44 мектеп-гимназиясының директоры Ақжарқын Темірханованың айтуынша, оқиға 16 қазан күні орын алды. Осы білім ордасының 5-сынып оқушысы сабақ аяқталған соң сағат 17.30-да мектептен шығып, Д.Қонаев атындағы шағынауданда №27 үйге қарай кетіп бара жатқан.
Сол мезгілде қара киім киген бейтаныс ер адам артынан келіп, мойнынан ұстап, артқа қарай сүйреген. Қорыққан қыз бала қатты шыңғырып жіберген. Қыздың айқайын су алуға бара жатқан әйел естіп қалып, көмектесуге жүгіріп келді. Әйел ер адамды қолында бар су құйылған ыдыстармен ұрып тастады. Ер кісі қашып кетті.
«17 қазан күні қыздың ата-анасы мектепке шақыртылып, болған жағдай анықталды. Мектеп әкімшілігі тарапынан анасы мен қызына психологиялық көмек көрсетілді. Оқиға жөнінде мектеп инспекторына да ескертілді. Сондай-ақ ата-анасы қызын сабақтан кейін өзі алып кететіні туралы қолхат жазды», - деді А.Темірханова.
БҚО ПД-да қыздың тұратын жеріне мән-жайды анықтау үшін полицейлердің шыққанын жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!