Жапонияда император таққа отырып, рахымшылық жарияланды
Жапония императоры Нарухито Император сарайында өткен салтанатты рәсім кезінде ресми түрде таққа отырды.
15:06 22.10.2019
Дәстүрлі таққа отыру рәсімі 2 мың қонақтың, олардың қатарында190 мемлекет пен халықаралық ұйым өкілдерінің қатысумен өтті.
«Конституцияға сәйкес әрекет етуге және мемлекет пен Жапония халқының бірлігінің символы ретінде өз міндетімді атқаруға ант етемін», - дейді 59 жастағы Нарухито.
Аталған рәсімнің қауіпсіз өтуін 26 мың полицей қамтамасыз етті. Кешкісін Нарухито пен жұбайы Масако сарай маңында өтетін банкетке қатысады. Бастапқыда таққа отыру рәсімінен кейін салтанатты шеру өтеді деп жоспарланған еді. Алайда таяуда болған тайфун дауылынан кейін, шеру қараша айына қалдырылды.
Mainichi газетінің хабарлауынша, Жапониядағы таққа отыру рәсіміне байланысты, кемі 3 жыл бұрын ұсақ қылмыс жасаған 550 мыңға жуық адамға рахымшылық жариялауды ұйғарған. Олардың дені жол ережесін бұзғандар екен. Рахымшылыққа іліккендердің барлығының азаматтық құқықтары қалпына келтіріледі. Десе де бұл сотталғандар мен каторгалық жұмыстарға тартылғандарға қатысты емес. Жапонияда рахымшылық соңғы рет 1993 жылы Нарухито мен Масаконың некесіне байланысты жарияланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!