Павлодарда автоцистерна жарылып, бір адам көз жұмды
Павлодар қаласында бокста тұрған автоцистерна жарылды.
08:09 24.10.2019
Салдарынан бір адам көз жұмып, тағы бірі жарақат алды. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК-нің баспасөз қызметі хабарлайды.
«23 қазанда сағат 17:53-те Павлодардың «101» пультіне Транспортная көшесінде орналасқан бокстағы автоцистернаның жарылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндіру және апаттық-құтқару бөлімшелері келген кезде жарылыстың салдарынан шатырдың құлағаны, сонымен қатар 8 шаршы метр аумақта цистернаның жанып жатқаны анықталды», - деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Мәліметке сәйкес, құтқарушылар бірден құрылымдарды ажыратып, өртті сөндіруге кіріскен. Құтқарушылар келе сала құрылысты бұзу, өртті сөндіру жұмыстары басталып кетті. Үйінділерден жарақаттанған бір адамды және ер адамның мәйітін алып шықты.
Өрт сағат 18:27-де ауыздықталған. Опырылып құлаған жердің аумағы шамамен 250 шаршы метрді құрады. Қазіргі уақытта үйінділерден тазалау жұмыстары жалғасуда. Жеке құраманың 30 адамы және Павлодар облысы ТЖД техникасының жеті бірлігі аталған жұмыстарға атсалысып жатыр. Полиция қызметкерлері бокстің жан-жағын қоршады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!