Оралда 20 жастағы бойжеткен көпірден секіріп кетті
Оралда көпірден өзенге секіріп кеткен 20 жастағы қызды полиция қызметкері құтқарып қалды.
18:03 27.10.2019
БҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібековтің айтуынша, оқиға бүгін сағат шамамен 13.00-де «Динамо» базасы ауданында Шаған өзенінен өтетін көпір тұсында болды. Қыз көпірден секірген сәтте БҚО полиция департаменті арнайы бөлімшесінің қызметкері бірінші болып жетіп, құтқарып үлгерген.
Оқиға орнына бірнеше минуттан кейін БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының үш қызметкері келіп, 1999 жылғы қызды жедел жәрдем бригадасына тапсырған. Осылайша жиырма жастағы қыз аман қалды.
«Менің орнымда басқа біреу болса да, сөйтер еді. Мен жай ғана азаматтық борышымды орындадым», - деді полиция қызметкері.
Айта кетейік, сол мезетте өзендегі су температурасы 8-9 градус болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 13.05-те шақырылды. Бригада бес минуттан кейін жетті. Алдын ала мәлімет бойынша, 20 жастағы қыз жабық ми жарақатын алған, миы шайқалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!