Үш баланың анасы бір мезетте екі ота жасатамын деп көз жұмды
Англияда үш баланың анасы дәрігерлердің кеңесі бойынша бір уақытта екі пластикалық ота жасатып, салдарынан көз жұмды.
17:20 30.10.2019
Оқиға 2018 жылдың жазында орын алған. Алайда бұл туралы енді ғана белгілі болып отыр. 36 жастағы Луиза Харви клиникаға жүгініп, ішінің терісін тартып, омырауын үлкейтіп беруін сұраған. Медициналық мекемедегілер оған екі отаны бір уақытта жасатуға кеңес беріпті. Себебі осылайша арзанырақ түседі екен.
Өз кезегінде әйел дәрігерлердің дегеніне келісіп, 17 маусымда үш сағатқа созылған отаны жасатқан. Ал ертесі күні ол клиникадан шығарылды. Луизаның анасы Линданың сөзінше, дәрігерлер қызын клиникадан үйіне жібергеннен кейін, оған қанды сұйылтатын дәрі бермеген.
Арада бір апта өткеннен кейін дәрігер Харвидің жағдайын тексеріп, оның денесіндегі тігістердің бітіп келе жатқанын, бәрі дұрыс екенін айтыпты. Алайда 3 шілдеде әйел кенеттен есінен танып қалған.
«Луизаның ағзалары көтере алмаған. Оның жүрегі мен өкпесінде қан ұйып қалыпты», - дейді Линда.
Осылайша, ауруханаға түскен Харви балаларын алып келуді сұраған. Ал ертесі күні ол көз жұмды. Жүргізілген сараптама нәтижелері әйелдің өліміне өкпесіне қан ұйып қалуы себеп болғанын көрсетті.
Дереккөз: Stan.kz
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!