Ақтауда баланы жұлқылаған дәрігер қамауға алынды
Ақтауда тісін емдетуге келген балаға дөрекілік танытып, күш қолданған стоматолог қамауға алынды.
16:30 06.11.2019
Медициналық сараптама қорытындысы бала денсаулығына зиян келгенін көрсетті. 5 қарашада дәрігерді жазалау шарасы таңдалды.
"Әкімшілік іс кеше таңертең түскен. Ондай істер тез қаралады. Судьяның шешімі кешке қарай шықты. Сөйтіп, стоматолог маман бірден қамауға алынды. Дәрігер өз кінәсін толығымен мойындап отыр", - деді Ақтау қаласының әкімшілік сот мамандары.
Ал Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, стоматолог әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73 бабының 1-бөлігі "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша үш тәулікке қамауға алынды. Бұл бап бойынша 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған. Ол өзін бас бостандығынан айырмауды, жазасын айыппұл төлеу арқылы өтеуді сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерде Маңғыстау облыстық стоматологиялық орталығында бақылау камераларынан дәрігерді баланы жұлқылап жатқан видеосы таралған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!