Алматыда кейуана тіс протезін жұтып қойып, өлім аузынан қалды
Алматыда дәрігерлер тіс протезі тамағына кетіп қалған 82 жастағы кейуананы аман алып қалды.
15:50 13.11.2019
82 жастағы әжей таңғы асын ішіп отырған кезде оның тіс протезі сынып, тамақпен бірге асқазанына түсіп кеткен. Протездың үшкір ұштары өңеш жолдарын бірнеше жерін тіліп өтіп, қатты ауырлық сезімін туғызған. Бұған қоса кейуана дұрыс демала алмай қалыпған. Бірден консилиум жинаған дәрігерлер зейнеткерге Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында ота жасады. Диагностика кезінде үшбұрышты протез бөлігі өңешті жыртып кеткені анықталды.
«Өңештің жыртылуы жылына 1-2 рет сирек кездесетін оқиға. Адам балық немесе тауықтың сүйегін жұтып қойғанда кездеседі. Бұл бөгде заттар өңештің тарылған тұсында тұрып қалады да жырта береді. Бұл өте қауіпті диагноз. Адам кешігіп келетін болса, 45-60 пайызға дейін жағдайда өліп кетуі ықтимал. Себебі, инфекция бірден жұмсақ тінге өтіп, ауыр интоксикацияға әкелуі мүмкін», - деді емхананың бас дәрігерінің орынбасары Оңласын Ибекенов.
Дәрігерлер зейнеткердің мойын тұсынан екі жағынан медиастенотомия жасады, жарақаттың орнын тазалап, жұқпаның денеге таралуына тоқсауыл қойды. Зейнеткер 3 тәулік жансақтау бөлімінде жатты. 10 тәулік бойы қария мұрын арқылы зондпен қоректеніп жүрген.
«Мені о дүниеден алып шықты деп айтуға болады. Сол үшін дәрігерлерге рахмет. Мен өзім 50 жыл бойы медбике болып жұмыс істегенмін. Сондықтан олардың жұмысын түсінем», - деді әжейдің өзі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!