2020 жылы дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға өседі
2020 жылы дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға өседі.
14:13 18.11.2019
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. Министрдің айтуынша, 2020 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Осыған орай, жүйенің дайындық деңгейін тексеру мақсатында 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында медициналық сақтандыру пилоттық түрде іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – медициналық қызметті алушылардың «сақтандырылу» статусын сәйкестендіру, тегін медициналық көмектің көлеміндегі және медициналық сақтандыру жүйесіндегі қызметтерді жеке-жеке есепке алу, 2020 жылдан бастап медициналық сақтандыру жүйесін толығымен енгізу мақсатында дайындық жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Жобаны іске асыру үшін бюджеттен қосымша 2,3 млрд теңге, оның ішінде профилактикалық қарап-тексеру мен консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін жоғарылатуға 1,7 млрд теңге, медициналық оңалтуды кеңейтуге 600 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді.
«Пилоттың оперативтік деректері бойынша екі айдың ішінде өңірде қымбат тұратын компьютерлік томография және магниттік-резонансты томография қызметтерінің саны - 178, медициналық оңалту қызметтері - 73 және консультациялық-диагностикалық көмек қызметтері 42 пайызға ұлғайды», - деді ол.
Оның дерегінше, халық қажеттілігінің негізінде оңалтуды қоса алғанда, медициналық көмектің басым түрлерін қаржыландыру келесі жылы 7 есеге және 2025 жылға қарай 11 есеге дейін өседі. Тарифтердің өсуі медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Келесі жылы дәрігерлердің еңбекақысы 30 және орта медицина персоналының еңбекақысы 20 пайызға ұлғаяды.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!