Жол инспекторымен жанжалдасқан жүргізуші қаза тапқан
Өзбек-қазақ шекарасынан досын алып кетуге Самарқандтан Қарақалпақстанға барған 31 жастағы Насимжон Халиков үйіне тірі оралмады.
09:48 25.11.2019
Насимжон Халиковтың құпия өлімі жайында оның достарының бірі хабарлады.
"Ресейден келе жатқан досымыз Отабектің көлігі Қазақстанға келгенде бұзылып қалған. Ол Насимжонға звондап, өзін Қарақалпақстанмен шекарадан алып кетуін сұраған. Біз "Ласетти" көлігімен шекараға бардық. Қайтып келе жатқанда, бізді көлік инспекторы тоқтатты", - дейді жүргізуші Сайдулло Уринов.
Оның айтуынша, оқиға түнгі 11-лер шамасында болған.
"Мен көліктен шыққанымда, инспектордың бірі "көлігіңнің шамы сөніп қалған, айыппұл төлейсің" деді. Сол кезде Отабек көліктен шықты да, "қазақстандық жол инспекторлары дәл сіздердей көргенсіз емес, оны босатыңыз" деді. Екуінің арасында жанжал шықты. Жол инспекторы бізді малға теңеді. Насимжон болса көліктен шығып, телефонмен түсіре бастады. Инспектордың бірі оның телефонын тартып алмақшы болды. Насимжон олардан қаша бастады. Отабек те олардың соңынан жүгірмек болған еді, оны ұрып көлікке қамап қойды. Кейін біз олардың соңынан жүгіріп барғанда, Насимжон жерде өлі жатты. Денесі қан болды. Ал инспекторлар бізді ұстап, екі тәулікке қамап қойды. Телефондағы барлық жазбаны өшіріп тастапты", - дейді куәгердің бірі.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, Насимжон Халиков жүгірген кезде оттегі жетіспегеннен көз жұмған. Бірақ оның достары Насимжонның дені сау болғанын айтады.
"Біз прокуратураға арыздандық. Оны жерлеу алдында Самарқандта тағы бір сараптама жүргізді. Бірақ қорытындысы әлі белгісіз. Біз куәлік бергенде, инспекторлардың Насимжонды өлімші етіп сабағанын айттық. Олар істі жабу үшін, бізді әдейі қамап қойды", – дейді Сайдулло Уринов.
Дреккөз: centralasian.org
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!