Елімізде мұғалімдерге 2,5 миллион теңге сыйақы төленеді
Халықаралық олимпиада, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған мұғалімдерге үш лауазымдық айлық ақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді.
14:09 04.12.2019
Мәжіліс депутаттары "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасына осындай түзету енгізіп, екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Әбдіманап Бектұрғанов депутаттық корпус енгізген басты түзетулерге тоқталды.
"Білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке үш лауазымдық айлық ақы мөлшерінде біржолғы сыйақының төленуін көздейтін норма енгізіледі", - деді депутат.
Сондай-ақ, "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағымен марапатталған педагогке 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2019 жылы 2,5 миллион теңгеге тең) біржолғы төлем беріледі. Бұдан бөлек, мәжілісмендер 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп мұғалімдері үшін нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендетуді ұсынып отыр. Мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім ұйымдары мен әскери оқу орындарының мұғалімдеріне де магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (25 250 теңге) қосымша ақы енгізілді.
"Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленеді. Педагогтердің білім алушылар, тәрбиеленушілер және оның ата-анасы, немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан мамандығына құрметпен қарауды және тиісті мінез-құлықты талап ету құқығы нақтыланды", - деді Бектұрғанов.
Сонымен қатар, мұғалімдердің педагогикалық этика нормасын бұзуы, бұрын көзделгендей әкімшілік құқық бұзушылыққа емес, Қазақстанның еңбек кодексінде көзделген тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғатын тәртіптік теріс қылыққа теңестіріледі. Депутаттар кәсіптік қызметке алғаш рет кірісетін педагогтердің сәйкестігін растау және біліктілігін беру институтын іске асыру тетігі жеткілікті пысықталмағандықтан, алып тастаған. Бірін-бірі жоққа шығаратын немесе қайталанатын ережелері бар нормалар да алынып тасталды. Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады.
Дереккөз: Sputnik
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!