Алматы облысының тұрғындары қару тапсырып, 8 млн теңге алды
Алматы облысында қаруды тіркеу және оны сақтау ережесін бұзған 385 адам анықталды.
11:02 05.12.2019
Оның 211-і қаруды сақтау тәртібін бұзса, 174-і қолданыстағы заңнамаға сәйкес қайта тіркеу талабын орындамаған. «Учаске» республикалық жедел алдын алу шарасы барысында, сондай-ақ заңсыз айналымнан 15 қару тәркіленген. Алматы облыстық Полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, өңірде жыл басынан бері 574 түрлі қару тәркіленген. Оның ішінде 36 ойық ұңғылы мылтық, 405 тегіс ұңғылы аңшы мылтығы және электрлік, газ және травматикалық қару түрлері бар.
Сондай-ақ, ішкі істер органдарында тіркелмеген 136 қару табылып, тәркіленді. Биыл азаматтық және қызметтік қару-жарақ айналымының тәртібін бұзған 1700-ге жуық азамат әкімшіліқ жауапкершілікке тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қаруларды сақтау, сату және сатып алуға қатысты заң талаптарының орындалуын бақылау мақсатында биыл «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы 4 мәрте өткізілді. Осы шаралар барысында 700-ден астам әртүрлі құқық бұзушылықтар анықталды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аталған кемшіліктер түзетіліп, айыпты тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылды. Қару-жарақты заңсыз сақтаған екі тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды», - деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар, азаматтардан қару түрлері мен жарылғыш заттарды сатып алу бағдарламасы бойынша биыл полицияға 96 адам өтініш білдіріп, 147 дана қаруды тапсырған. Аталған азаматтар тапсырған қарулары үшін 8 миллион теңгеден астам сыйақы алған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!