Елімізде борышкерлердің ипотека бойынша қарызы азаяды
Проблемалық ипотекалық қарыз алушылардың негізгі қарызы азайтылып, қарызды жеңілдетілген кесте бойынша төлей алады.
12:23 25.12.2019
Осы мақсатта ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы іске асырылады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлайды.
"Проблемалық ипотекалық қарыз алушылармен, оның ішінде ХӘОТ-қа жататын азаматтардың санаттарымен одан әрі жұмысты Үкіметтің тапсырмасы бойынша құрылған жұмыс топтары шеңберінде әкімдіктер жеке тәртіппен жүзеге асырады. Жергілікті атқарушы билік органдарының жеке тұлғалардың кіріс деңгейін арттыру бойынша жұмысы бағдарламаға енгізілген өзгерістермен қатар, жиынтығында қарыз алушылардың ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерін орындауы үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді", - дейді баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Ұлттық Банктің қарыз алушыларды қолдауға 130 миллиард теңге бөлгені айтылады. Еске салайық, ипотекалық тұрғын үй заемдарын қайта қаржыландыру бағдарламасы Ұлттық банкпен 2015 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Шетел валютасындағы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылғандығы атап өтілді.
Қайта қаржыландыру үшін қарыз алушылар несие беруші банкке 2020 жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірмей хабарласуы керек. Бұған дейін долларлық ипотекашылар Алматыдағы Ұлттық банктің ғимаратына плакат көтеріп келген болатын. Олар өзіне берілген қарыздарды есептен шығаруды және несиелік амнистияны жүзеге асыруды талап етті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!