Түркістан облысында жоғалған 13 жасар бала табылды
Түркістан облысының полицейлері жоғалған 13 жасар баланы Тараздан тауып, отбасына қайтарды, деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
13:41 25.12.2019
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Түркістан облысының Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі келіп 2006 жылғы ұлының үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан қайта оралмағанына шағымданған. Ұлының аман-есен оралуы үшін көмек беруін сұраған ақ жаулықты анаға полицейлер көмек көрсетті.
Аталған жайт Келес аудандық ішкі істер бөлімінің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, аудандық полицейлер баланы табу жұмыстарына шұғыл кіріскен. Тәртіп сақшылары облыс бойынша әр аудан қаладағы полиция бөлімдері мен басқармаларына хабар беріп, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жақын аймақтарды аралап, баланың баруы мүмкін деген жерлерді мұқият тексерді.
Нәтижесінде жоғалған 13 жастағы баланың Тараз қаласындағы кәмелет жасына толмаған балаларды бейімдеу орталығында екендігі анықталды. Ақпарат көздері арқылы ауданның екі полицейі, баланың анасы, ағасы Тараз қаласына барып, жоғалған баланы тауып алып, отбасына аман-есен қайтарды.
Тергеу барысында кәмелет жасына толмаған бала, бұдан алдында үйінен кетіп, 2 күннен кейін Шымкент қаласынан табылғандығы анықталды. Полицейлер тексеру жұмыстары аясында бұл жолы оның үйінен ақша алып кеткенін анықтады. Содан Келес ауданының орталығы Абай ауылына барған, одан ары Шымкент қаласына жеткен. Қызық қуған бала мұнымен қайтпай, қалааралық автобусқа отырып, Тараз қаласына барған. Осында коньки тебетін орындарда қыдырған. Осы күндер аралығында автовокзалдарда түнеген.
Кәмелет жасына толмаған баланың қараусыз жүргенін байқаған автовокзалдағы қарауыл тиісті мекемеге хабарласқан. Жоғалған баланың тәртіп сақшыларына айтуынша, ол жәй қыдырып жүрген. Бұл жағдайға аса мән берген полицейлер тиісті шараларды жүргізіп, есепке қою мәселелерін жасауда.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!