Түркістан облысында келіншек екі жастағы баласының аузы мен денесін байлап тастаған
Әлеуметтік желіде бөлме ішінде байланған баланың көрінісі бейнеленген бейнежазба жариялануда.
14:10 10.01.2020
Түркістан облысының Полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған кішкентай бала байлаулы отырған видеоға қатысты түсінік берді. Көріністен әйел адамдардың ұрыс-керісін, "баланы бұлайша қорлауға бола ма? " деген сөздерді естуге болады. Видеоны баланы көруге келген әкесі түсірген.
Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен соң, бала анасымен қалған. Ал, перзентін көруге келген әкесі бұрынғы әйелі бүлдіршіннің аузын тұмшалап, тіпті қимыл-қозғалысын шектеп тастағанын көреді. Оқиғаға байланысты бүгін Түркістан облыстық Полиция департаменті ресми ақпарат таратты. Тәртіп сақшыларының сөзінше, бұл жағдай Сарыағаш ауданында болған.
Сарыағаш ауданының тұрғыны 8 қаңтар күні аудандық полиция бөліміне арызданған екен. Баланың әкесі өз арызында бұрынғы азаматтық некедегі әйелі 2017 жылы туылған ұлына қысым көрсетуде деп шағымданған.
Сарыағаш АПБ қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 140-бабы "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша іс қозғалған. Тергеп-тексеру барысында оқиғаның толық мән-жайы мен кінәлі тарап анықталатын болады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда, делінеді хабарламада.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!