Қазақстанда бірнеше әкімнің үстінен іс қозғалды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен қаңтар айында еліміздің бірқатар аймақтарында аудан және ауыл әкімдеріне қатысты сыбайлас жемқорлық бойынша күдікпен сотқа дейінгі тергеуді бастады.
13:25 27.01.2020
Түркістан және Алматы облыстарында ауыл әкімдері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді. Түркістан облысында Кентау қаласы Ескі Иқан ауылдық округінің әкіміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оған жер учаскесінің ахуалдық схемасына қол қойғаны үшін жеке кәсіпкерден 2 миллион теңге пара алды деген айып тағылды. Бұған дейін келісілген пара сомасы 4 миллион 150 мың теңге екен.
Әкім кінәсін мойындап, жедел тергеу жүргізуді өтінді. Сонымен қатар, Алматы облысында Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің бұрынғы әкімі мен әкімдіктің лауазымды тұлғалары күдікке ілінді. Жемқорлыққа қарсы қызмет олардың Жаңадәуір ауылындағы 10 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын шаруа қожалығынан жеке қосалқы шаруашылыққа заңсыз өзгертуге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Ал Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі шипажай, су қорғау аймақтары мен ирригациялық желілерде жер учаскелерін бөлу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталуда. 24 қаңтарда күдіктіге қатысты қамауда ұстау шарасы санкцияланды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!