Cарбаз көшедегілерге оқ жаудырып, 12 адам қаза тапты
Таиландтағы Накхонратчасима қаласында сарбаз бейбіт халыққа оқ жаудырып, кем дегенде 12 адам қаза тапты.
21:20 08.02.2020
Кіші офицер Джакрафант Томма өзінің командиріне шабуыл жасаған, одан кейін әскери лагерьден қару мен оқ-дәрі алып кеткен. Сосын будда храмында және жергілікті сауда орталығында адамдарға оқ жаудырған, деп мәлім етті Таиландтың ішкі істер министрлігінің өкілі.
Ол қазір Terminal 21 сауда орталығының төртінші қабатында 16 адамды кепіл ретінде ұстап отыр, деп жазады осы елдің TNA мемлекеттік жаңалықтар агенттігі. Сауда орталығын полиция қоршауға алған, бұл маңда көлік қозғалысы шектелді. Полиция жергілікті тұрғындарға үйден шықпау жөнінде ескерту жасады.
Шабуылшы Фейсбукте тікелей эфир жүргізген. Басылым оның әлеуметтік желіде мылтығы бар селфи жариялағанын, бірақ бірнеше секундтан соң парақшаның бұғатталғанын айтады. Ол өзінің хабарламасында «шаршадым» деп жазған.
Bangkok Post басылымының жазуынша сарбаз атып өлтірген командирдің есімі - Анантарот Красе. Әскери лагерьде ол сондай-ақ 63 жастағы әйел мен тағы бір сарбазды өлтірген. Таиландтың премьер-министрі Праюта Чан-Оча оқиғаны бақылауда ұстап отыр. Ол марқұмдардың отбасына көңіл айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!