Тоқаев қорғаныс министрін қабылдады
Мемлекет басшысы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады.
14:40 11.02.2020
Қазақстан президентіне қарулы күштерді қалыптастыру және дамыту, қорғаныс саласының шығындарын оңтайландыру жұмыстары туралы баяндалды. Министрдің айтуынша, жүргізілген талдау жұмыстары мен штабтық-ұйымдастыру шаралары биыл 10 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа армияны заманауи қару-жарақпен жабдықтау, әскери техникаларды жөндеу және жаңғырту жөніндегі жоспары, сондай-ақ, электронды әскери комиссариат жобасын енгізу үдерісі туралы айтты.
Кездесуде Арыс қаласында болған төтенше жағдайдың салдарын жою және оқ-дәрі сақтау инфрақұрылымын жетілдіру үшін жүргізілген жұмыстарға баса мән берілді. Мемлекет басшысы қорғаныс министріне халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту, армияны тиімді әрі бәсекеге қабілетті қару-жарақпен жабдықтау, әскери білім беру ісінің және әскери дайындық үдерісінің сапасын арттыру, сонымен қатар, әскери парадқа дайындық барысы жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!