Ер адам сақтандыру полисінен ақша алу үшін әйелі мен баласын әдейі өлтірді
АҚШ-та ер адам әйелі мен баласын сақтандыру полисі үшін өлтірген.
20:35 11.02.2020
Бұл қылмысты оның екінші әйелі әшкере еткен, күйеуі оның да өмірін сақтандырып қойған. АҚШ тұрғыны Карл Холгер Карлсен жеті жыл бұрын туған ұлын өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір оған дәл сондай айып тағылып отыр, алайда бұл жолы ол өзінің әйелін өлтірген, себеп сақтандыру полисінен түсетін ақша еді.
Кристина Карслен 1991 жылы 1 қаңтар күні 30 жасында қайтыс болған. Калифорниядағы үйі өртеніп, әйелі ваннадан шыға алмай, тұншығып өлді. Ал, күйеуі үш баланы үйден алып шықты. Әйелі қайтыс болғаннан кейін бірнеше күн өткен соң, сақтандыру полисі бойынша әйелінің қазасы үшін күйеуі 215 мың доллар алып, туған қаласы Нью-Йоркке көшеді.
Ақшаны Карл Холгер Карлсен үй сатып алуға, көшуге, шоттарын төлеуге жұмсаған. Күйеуі әйелінің өмірін сақтандырғаннан кейін 19 күннен соң қаза тапқаны ешкімнің күдігін тудырмады, сондықтан оған ешқандай айып тағылған жоқ. 2008 жылы Карлсеннің ұлы Леви өзінің өмірін 700 мың долларға сақтандырған. Содан кейін әкесінің көзінше өзі қаза тапқан жағдайда барлық қаражат Карл Холгердің атына аударылатыны жайлы құжатқа қол қойған.
Леви Карлсеннің денесін әкесінің екінші әйелі Синди бірнеше сағаттан кейін гаражда, өзі жөндеп жатқан жүк көлігінің астынан тапқан. Полиция Леви Карлсеннің өлімін оқыс оқиға деп таныған, алайда араға үш жыл салып, Синди Карлсен күйеуінің ұлының өлімі үшін алған ақшаны өзінің өмірін сақтандыру үшін жұмсағандығы жайлы біліп қояды. Карл Холгер Карлсен оның өмірін 1,2 миллион долларға сақтандырған.
Осындай қорытындыға келген Синди полиция көмегіне жүгінуге бел буады. Бөлімшеде оған жасырын микрофон береді, ал күйеуі ағынан жарылып, жүк көлігінің ұлына құлағанын өзі ұйымдастырғанын мойындайды. 2013 жылы ұлын өлтіргенін мойындап, 15 жыл бас бостандығынан айырылады. Дау-дамай тудырған сот процесіне калифорниялық құқық қорғау органдарының назары түсіп, Кристина Карлсеннің өлімі бойынша іс қайтадан қозғалады.
Сот барысында Карлдың қызы Эрин әкесінің анасының өліміне де, ағасының өліміне де қатысы бар екендігіне сенімді екенін жеткізеді. Оның айтуынша, өрт орын алған кезде қыздың жасы небәрі алтыда болған және сол сәтте ол мән-жайдың бәрін түсінбеген, алайда есейе келе Эрин әкесінің жұбайын құтқаруға тырыспағандығын айтады, деп жазады stan.kz.
«Анамды құтқару үшін ол ешқандай күш жұмсаған жоқ. Тапжылмай тұрды. Анамызға не істегенін біз білдік. Ағама істегенінен де хабардар болдым»,- дейді ол.
2020 жылдың 3 қаңтарында Карлсеннің бірінші әйелінің өліміне қатысы бар екендігі дәлелденді. Ол үйдегі өртті қасақана ұйымдастырып, ванна терезесін әйелі өліп қалуы үшін бекітіп тастаған. Жаза 17 наурыз күні белгілі болады. Карл Холгер Карлсенге өмір бойы бас бостандығынан айырылу және мерзімінен бұрын шартты босату құқығынан айырылу қаупі төніп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!