{metadescription}
Қазақ күресінің атауы өзгеретін болды

Қазақ күресінің атауы өзгеретін болды

Жыл соңына дейін қазақ күресінің атауы өзгереді.

Осыған орай арнайы ғылыми топ құрылды. Негізгі мақсат – ұлттық спортымызды халықаралық дәрежеге көтеріп, Олимпиада бағдарламасына қосу. Ол үшін қазақ күресінің бейтарап бір атауы болуы қажет. Қазақ күресі киімінің авторы, профессор Елемес Әлімханұлы қазақ күресінің халықаралық атауына атүсті қарауға болмайды деп отыр. Оның мағынасына терең үңіліп, ғылыми тұрғыда таңдаған жөн. Әйтпесе, бүгінде негізсіз ұсыныстар жоқ емес. 

"Енді, кез келген ұсыныстың нақты бір негізі болуы керек деп ойлаймын. Дәлелі де салмақты болған жөн. Мысалы, өткенде біреу "тік күрес" болсын депті. Ал сондай атау бола ма екен? Ондай ұсыныстарға дәлел келтіру керек", - дейді Әлімханұлы.

Ғалым федерацияның қарауына өз ұсынысын енгізді. Оның айтуынша, "қазақ күресі" деген атау кеңестер кезінде пайда болған. Ол кезде әрбір республиканың ұлттық спорт түрін бөліп көрсету үшін "өзбек күресі", "қырғыз күресі", "қазақ күресі" деген атауларды пайдаланған. Енді, қазақ күресін халықаралық дәрежеге шығару үшін бейтарап бір атау болуы шарт.  

"Негізі, "балуан күрес" деп атау қажет. Себебі оның қандай да бір этносқа қатысы жоқ. Бұл – жалпы күреске ортақ атау. Ал шетелде қазақ күресін дамытқаны кімге қажет? Сондықтан жапондардың дзюдосы сияқты ортақ, бейтарап, көзге түспейтін бір атау керек. Мен "балуан күрес" деген атауды ұсындым. Себебі "балуан" деген сөздің ішінде күрес те, күш-қайрат та, мықтылық та бар", - деді Әлімханұлы.

Федерацияның бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов әзірше нақты нұсқаның таңдалмағанын жеткізді. Оны қоғам талқысынан да өткізу керек. 

"Енді, қазір нақты бір нұсқа жоқ. Дегенмен, мамандарға атауын өзгертуге қатысты тапсырма берілді. Ол ұсыныстар қоғам талқысынан да өтуі тиіс. Негізгі мақсат – қазақ күресін әлемдік деңгейге көтеру. Мысалы, бізге "өзбек күресі" десе, қабылдамаймыз. Сондықтан қазақ күресінің атауын өзгерту керек. Оны халықаралық дәрежеге шығару үшін бейтарап бір атау болуы шарт", - деді Сәбитов.

Ғалымдар федерацияға қазақ күресін өзгертуге қатысты өз ұсыныстарын жеткізген. Ендігі кезекте оңтайлы нұсқаны таңдау қажет. 

"Мысалы, бір профессор ағамыз "балуан күресі" деп атайық дейді. Енді, біреуі "күрес" деп қалдыруды ұсынып отыр, екіншісі "белдесу" деп атау керек дейді. Өткенде бір спорт азаматтары "тік күрес", "бас күрес", "бәс күрес" деген атауларды ұсынды. Енді, соның оңтайлысын, шетелге аударғанда басқа мағына бермейтіндей бір атауға келеміз деп ойлаймыз. Жылдың соңына дейін шешім болады", - дейді Сәбитов.

Дереккөз: Sputnik

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде