Оралда жол апатынан 5 адам жарақат алды
Оралда қос автокөлік соқтығысып, бес адам жарақат алды, оның екеуі – 4 жасар балалар.
14:21 12.02.2020
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін түнде Зачаган кентінде орын алды. Сағат 02.20-да «Фольксваген» автокөлігі жүргізушісінің жол-көлік оқиғасын жасап, бой тасалағаны жөнінде хабар түскен.
Автокөлікті ұстауға Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының жеке құрамы жұмылдырылды. Он минуттан кейін автокөлік қолға түсті. Оның ішіндегі 1994, 1995 және 1996 жылғы жастар сараптама қорытындысына сәйкес орта дәрежелі мас күйінде болған.
Аталмыш автокөлік жүргізушісі Жәңгір хан көшесінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, 1997 жылғы тұрғын айдап келе жатқан «ВАЗ-2114» автокөлігімен соқтығысуға жол берген. Соның салдарынан «ВАЗ-2114» автокөлігіндегі 1988 және 1996 жылғы әйелдер, 2016 жылғы екі бала, 1990 жылғы ер адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-1-бабы 1-бөлігіне (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасы болған сәтте рульде кім болғандығын анықтауда.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!