Дәрігерлер коронавирустан көз жұмған шымкенттік туралы ақпарат берді
Науқасты бірден жансақтау бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.
15:45 05.04.2020
Оның өзге де аурулары болған. Дәрігерлер шымкенттік ер адамның коронавирустан қалай қайтыс болғанын айтып берді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауованың айтуынша, 1964 жылғы ер адам - Түркістан облысының Мақтарал ауданына қарасты Атакент ауылының тұрғыны.
"Ол жүргізуші болып істеген. Мәскеу-Алматы бағытымен келе жатқанда транзитпен тоқтаған. Дене қызуына шағымдануына байланысты жедел жәрдеммен науқас 3 сәуір күні Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған", - деді Бекбауова.
Оның сөзіне қарағанда, науқасты бірден жансақтау бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Науқастың өзге аурулары да болған. Соның ішінде қант диабеті және артериалды гипертензия бар. Бір жыл бұрын туберкулезбен ауырып шыққан.
"Бүгін түнде науқас жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Онымен қарым-қатынаста болған ұлы Алматы қаласында оқшауланып, стационарға жатқызылды ", - деп атап көрсетті Бекбауова.
Қазақстандағы коронавирус туралы барлық ақпаратты мына жерден оқи аласыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!