Қазақстандықтар 42 500 теңге жәрдемақыны екінші рет ала алады
Қазақстандықтар 42 500 теңге жәрдемақыны екінші рет ала алады, өйткені төтенше жағдай режимі ұзартылды.
14:24 11.04.2020
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нариман Мұқышев мәлімдеді. Шенеуніктің айтуынша, екінші айда төлемақыны алу үшін қайтадан өтінім жіберу қажет емес.
"Біз 42 500 теңге табысынан айырылған қазақстандықтарға ай сайын беріледі деп айтқан едік. Әрине, төтенше жағдай ұзартылғаннан кейін азаматтар бұл төлемді екінші рет алады", - деді Мұқышев журналист Роза Есенқұловаға тікелей эфирде берген сұхбатында.
Төтенше жағдай режимі тек екі аптаға (30 сәуірге дейін) ұзартылғандықтан төлемақы екіге бөлініп беріледі ме әлде азамат бір жарым айға бір жолғы транш алады ма деген сұраққа Мұқышев қазір бұл мәселе жан-жақты талқыланып жатқанын айтты.
"Мәселені жан-жақты зерттеп жатырмыз. Толық соманы, 42 500 теңгені, төлеуді жоспарлап отырмыз. Қандай жағдай болмасын бәрі белгіленген ереже шеңберінде қабылданады. Барлығы халыққа жеткізіледі", - деген Нариман Мұқушев алғашқы төлем 16 наурыздан 15 сәуірге дейін жүргізілетінін айтты.
Нариман Мұқышев жұмысқа шыққандардың жәрдемақы алуға құқығы бар-жоғына тоқталды.
"Егер адам төтенше жағдай кезінде айырылған жұмысына қайтып келсе, бұл туралы мемлекеттік органдарға хабарлап, төлемді тоқтатуы керек. Алгоритм қандай болатыны кейін белгілі болады, қазір бұл мәселе пысықталып жатыр", - деді ол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!