Белгілі спорт қайраткері өмірден озды
Бекет Махмұтов әртүрлі жылдары Қазақстан бокс федерациясы мен дзюдо федерациясын басқарды, Халықаралық бокс федерациясының (АІВА) вице-президенті қызметін атқарды.
14:38 14.04.2020
Қазақстан спортына зор еңбек сіңірген Бекет Махмұтов 81 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ұлттық Олимпиада комитеті марқұмның отбасына, жақындары мен әріптестеріне көңіл айтты.
"Қазақстан спорты үлкен қазаға ұшырады. Белгілі қоғам қайраткері, спортшы әрі бапкер Бекет Сапабекұлы Махмұтов өмірден өтті. Еліміздегі ең құрметті спорт атқамінерлерінің бірі және қоғам қайраткері бар өмірін отандық спортты дамытуға арнады. Бекет Сапабекұлының басшылығымен қазақстандық бокс әлемдік аренада нық қадам басқан болатын. Оның қолдауы, кәсіби шеберлігі мен спортқа деген сүйіспеншілігінің арқасында отандық боксшылар Олимпиада ойындары мен өзге де ірі жарыстарда үлкен жетістікке жетті", - делінген жеделхатта.
Бекет Махмұтов бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, самбодан КСРО спорт шебері еді. Халықаралық бокс федерациясының (АІВА) бұрынғы вице-президенті, Қазақстан бокс федерациясы мен Қазақстан дзюдо федерациясын басқарған. Сондай-ақ, Азия дзюдо одағының вице-президенті қызметін атқарды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!