Науқас адаммен байланыста болмаған павлодарлық әйелден коронавирус анықталды
Павлодар облысының әкімдігі өңірде коронавирусты жұқтырудың тіркелген жаңа дерегі туралы айтты.
08:40 15.04.2020
Айта кетейік, 14 сәуірдегі соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырған тағы 33 адам тiркелді. Оның ішінде Павлодар облысында 1 адам бар.
«Сырқат 50 жастағы Павлодар тұрғыны. 10 сәуір күні жедел жәрдем бригадасы жеке қорғану құралдын қолдану арқылы, ЖРВИ белгілері бар әйел адамды уақытша госпитальге жеткізді. COVID-19-ға алынған тест теріс нәтиже көрсетті. Науқасқа «өкпенің қабынуы» диагнозы қойылды. Емдеу хаттамасына сәйкес, өкпе қабынуы бар науқастардан үшінші тәуліктен кейін қайта анализ алынады. 14 сәуір күні COVID-2019-ға алынған талдау қорытындысы оң нәтиже көрсетті», - делінген облыс әкімдігінің мәліметінде.
Науқас әйелдің сөзінше, ол елден ешқайда шықпаған және коронавирус жұқтырған адамдармен байланыста болмаған.
«Онымен байланыста болған тұлғалар анықталды. Оларды оқшаулау бойынша жұмыстар жасалуда. Эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр», - делінген ақпаратта.
Павлодар облысында індетті жұқтырудың барлығы 11 оқиғасы анықталды. Ел бойынша науқастар саны - 1232 адам.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!