АҚШ ДДСҰ-ны қаржыландыруды тоқтатты
АҚШ президенті Дональд Трамп бұдан былай Вашингтон Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын қаржыландырмайтынын мәлім етті.
11:39 15.04.2020
АҚШ басшысының сөзінше, бұл жағдай ұйымның шынайы мәліметтерді жасырмай, коронавирусқа қарсы әрекет етуде қателіктерге бой алдыруды тоқтатқанға дейін жалғасады. Трамп ДДСҰ-ны дер кезінде қажетті мәліметтерді таратпады деп айыптады. Сондай-ақ Ақ үй басшысы ұйым өз кезегінде індеттің қауіптілігін жұртқа дұрыс жеткізе алмады деп сөкті.
АҚШ-тың бұл шешімін БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерреш сынға алды. Айтуынша, қазір қырғи-қабақ болып, індетке қарсы күресте қаржыландыру ауадай қажет ұйымның жұмысына кедергі келтіру мүлдем қажет емес дүние. Сонымен қатар БҰҰ өкілі вирусқа және оның салдарынан орын алатын қиындықтарға қарсы күресте халықаралық ұйымдар бірігіп күш салу керектігін жеткізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!